Шымкентте Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен өткен кеңесте Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобасының мәселелері талқыланды.
Қала әкімі жиналғандардың назарын зауыттың қуаттылығын арттыру жобасын жүзеге асыру жұмыстарына аударды.
«Шымкент мұнай өңдеу зауыты еліміздегі жетекші үш кәсіпорынның бірі. Үкімет кәсіпорынның жылдық өндірістік қуатын 12 миллион тоннаға жеткізуді тапсырды. Осы мақсатта Энергетика министрлігі мен кәсіпорын басшылары Қытайға барып, CNPC компаниясының стратегиялық серіктестерімен өндіріс қуатын арттыру бойынша жұмыс істеу туралы келісімге келді. Жобаның маңыздылығы мен ауқымдылығын ескере отырып, әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі. Әкімдікпен және кәсіпорын мамандарымен бірге мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобасын жүзеге асырудың жол картасын талқылап, әзірледік. Жол картасының орындалу барысы менің жеке бақылауымда болады», — деді қала басшысы.