ҚМГ және КҚК мұнай құбырын жаңғырту барысын талқылады

19 маусымда Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Каспий құбыр консорциумының (КҚК) бас директоры Николай Горбаньмен кездесті.

Кездесуге қатысушылар Консорциум қызметінің өзекті мәселелерін, оның ішінде Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесі нысандарын жаңғырту және сенімділігін арттыру бойынша компания іске асыратын бағдарламаларды, сондай-ақ КҚК жүйесін жүктеудің перспективалық жоспарларын талқылады. Бас директор Н.Горбань 2024 жылдың 5 айындағы КҚК қызметінің қорытындылары және КҚК акционерлеріне дивиденд төлеу мен мұнай тасымалдайтын компанияның таяудағы жоспары туралы мәлімет берді.

Тараптар Консорциум іске асырып жатқан Теңіз – Новороссийск мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 83 млн тоннаға дейін кеңейтуге бағытталған осал жерлерді жою бағдарламасын, сондай-ақ 2026 жылы «КҚК-Р» үшін екі айлақ құрылғысы жүйесін ауыстыру мәселесін талқылады.