Президент Power International Holding иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады
Әңгіме барысында энергетика және телекоммуникация салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды.
PIH Директорлар кеңесінің төрағасы Муатаз Әл-Хаят осы инвестициялық жобалар бойынша қазақ тарапымен қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
Мемлекет басшысы катарлық инвесторларға Қазақстан Үкіметі тарапынан қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге дайын екенін растап, аталған жобаларды жоғары деңгейде іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Power International Holding (PIH) Қашағандағы ГӨЗ, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының екінші желісін, сондай – ақ Ақтөбе-Қостанай жаңа компрессорлық станциясы мен магистральдық газ құбырын салуға қатысады. Компания сондай-ақ Қызылорда облысында бу-газ турбиналық қондырғысын салу және өңіраралық электр желілерін салу туралы келіссөздер жүргізуде.