“Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін толық қуатына жетті” ,- деп хабарлады «ҚазМұнайГаз»
Өндірістің толық іске қосылуы жоспарланған мерзімнен төрт күн бұрын болғандығы атап өтілді. Қазір мұнай өңдеу көлемі тәулігіне 15 мың тоннаны құрайды. Сондай-ақ штаттық режимде зауыттың негізгі өнімі: дизель отыны, бензин, битум, мұнай коксы және сұйытылған газ жөнелтіледі.
Павлодар МХЗ жөндеу жұмыстары 20 маусымда басталып, 19 шілдеге дейін жалғасуы тиіс еді, содан кейін зауыт біртіндеп толық қуатына шықты. Жөндеу кезінде сыйымдылық, сорғы және жылу алмасу жабдықтары, технологиялық пештердің құбырлары және технологиялық құбырлардың учаскелері ауыстырылды.