Олжас Бектенов Chevron компаниясын қазақстандық компаниялардан тауар сатып алу үлесін арттыруға шақырды
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс арасында кездесу өтті. Тараптар жаңа өндіріс орындарын іске қосу, мұнай-газ саласы мен мұнай-химия салаларын дамытудың өзекті мәселелерін, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды талқылады. Отырыс барысында Премьер-Министр, атап айтқанда, жергілікті қамтуды дамыту мәселесіне тоқталды. «Өнім шығаруға мүдделі отандық өндірушілермен тығыз өзара іс-қимыл қажет. Бұл ретте елімізде қажетті тауарлар немесе құрал-жабдықтар өндірілмейтін болса, алдағы 2-3 жылда осы өндіріс орындарын Қазақстанда оқшаулаудың нақты жоспарларын көргіміз келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды қайта қарауды сұраймын», — деді ол. Өз кезегінде Дерек Магнесс компанияның Қазақстанмен барлық салаларда ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін растады.