Ірі мұнай-газ және мұнай-химия жобаларын дамытудың кешенді жоспары бекітілді

Жоспар 2027 жылға дейін мұнай-газ өнеркәсібі, мұнай және газ өңдеу, мұнай-химия салаларында күтілетін инвестиция көлемі 37,3 млрд долларды құрайтын 20 жобаны жүзеге асыруға бағытталған.

Атап айтқанда, Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында 2027 жылға қарай мұнай өндіру деңгейі 105,5 миллион тоннаға, газ өндіру 82,1 миллиард м3-ге дейін артады.

2029 жылға қарай Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Ал зауытты мұнаймен қамтамасыз ету үшін Кеңқияқ-Атырау мұнай құбырлары жылына 6 миллион тоннадан 15 миллион тоннаға дейін, Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбыры жылына 10 миллион тоннадан 20 миллион тоннаға дейін кеңейтіледі.

Сондай-ақ, геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыру және кен орындарын игеру шеңберінде жалпы инвестиция көлемі шамамен $10 млрд құрайтын 7 жоба қарастырылған.Негізгі кен орындары:

— Қаламқас-теңіз және Хазар;

— Өріктау;

— Қаратон-Подсолевой геологиялық барлау жобасы.

Үкімет қаулысына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойды.