Қазақстан мен Жапония Атырау мұнай өңдеу зауытында төмен көміртекті жобаларды дамытуға дайын

13 маусымда Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов жапондық Marubeni Corporation компаниясының басшылығымен кездесті.

Тараптар өткен жылдың күзінде жасалған Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы мемлекетаралық келісімді жүзеге асыру шеңберінде АМӨЗ-де  төмен көміртекті жобаларды дамыту мәселесін қарады.

«Атап айтқанда, ҚМГ мен Marubeni ЭЛОУ-АТ-2, ЭЛОУ-АВТ-3 технологиялық қондырғыларының жұмысын экологиялық оңтайландыру және АМӨЗ каталитикалық крекингін орнату жөніндегі жобаны іске асыру мүмкіндігін зерттеу қорытындысын күтуде. Зерттеуді жапондық Yokogawa Corporation инжинирингтік компаниясы жүргізеді»,-деп хабарлайды ҚМГ баспасөз қызметі.

АМӨЗ-ге бірлескен кредит беру тетігін (JCM, Joint Crediting Mechanism) қолдану жолымен CO₂ шығарындыларын азайту және декарбонизациялау бойынша озық шешімдерді енгізу болжанады. Оң нәтиже болған жағдайда, бұл тәжірибені Павлодар және Шымкент МӨЗ үшін тарату жоспарлануда.