Жамбыл облысында газ кеніші іске қосылды

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында Анабай кен орны пайдалануға берілді.

«QazaqGaz» барлау және өндіру» ЖШС кен орнын игеріп, үш бұрғыланған ұңғыманы қайта іске қосты, сонымен қатар Анабай – Жарқұм газ құбырын салды. Қазіргі уақытта барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.

2023 жылы газ өндіру 6,5 млн м3, ал 2028 жылы өндіру деңгейі 44 млн м3 болады деп күтілуде. Анабай кенішінен алынатын газ көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге жұмсалады. «QazaqGaz» барлау және өндіру» ЖШС бас директоры Алмас Қуандықовтың айтуынша, жаңа Анабай кен орнында 4 млрд м3 өндірілетін қор бар.

Бұл жобаға салынған инвестиция көлемі 12 млрд теңгені құрады. Кен орнын одан әрі бұрғылау жоспары бар. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қараша айында «Amangeldy Gas» ЖШС трансформациясы арқылы «QazaqGaz» ҰК» АҚ «Барлау және өндіру QazaqGaz» жаңа бөлімшесі құрылған болатын.